6
Сырма биі сылқылдап бір тынбайды,
Саябырсып кейде сәл, тың тыңдайды,
Ала қашып жөнелсе ақша қарды,
Сынығындай шынының жылтырайды.
Сылқым судай сыңқылдап сай-салада,
Сылаңдайды сұлудай айдалада.
Адырлардан үптеген ұлпа қарды
Сыйлайды екен апарып қай балаға?!
Сырмаменен сырларым дала кезіп,
Сырғанайды тынымсыз жаннан безіп.
Сыңсиды кеп сыздатып сай-сүйекті,
Суырады өзекті, сананы езіп.
Нені іздейді тынымсыз бұлтты күнде,
Қайда бармақ, артады жүкті кімге?
Жетер жері бар ма екен еркін желдің,
Не табады жеткенде түп-түбінде?!
Қимай-қимай қонғанда күн ұяға,
Бұлыңғыр күйге енеді дүния да.
Үдей түсіп екпіні адуынның,
Ақ құйрығын айға атып, құлия ма?!
Байыз таппай жалғандық жарасымда,
Балғын ойым байланып борасынға.
Бұлдыраңдап қуады толған айды,
Бұлаңдаған бұйра бұлт арасында.
Жеткізбейді жұмбақ ай, тұңғиық көк,
Сырма боран сарнайды: «Тым биіктеп,
Қарағым-ау, қайтесің, маған орал,
Көкжиектің түбіне сүңгиік!» – деп.
«Орал маған» дегенде боран маған,
Орай-борай ойымды орап алған...
Қайда менің сол бір кез, балаң күйім,
Қармен бірге қайтадан оралмаған!?