10
Тамырын қазағымның жұлған дағы,
Өз көрін өзі қазар ұл қамдады.
Озбырлық құрбандығы деп ойлаймын,
Бір ұрпақ тыңнан кейін туғандарды.
Тапталып ата-баба салты қалып,
Танымай өзі туған халқын да анық.
Алданып, арман-мұрат адыра қап,
Ескексіз қайықтай боп қалтылдады.
Ортақ боп бұл ұрпақтың күйігіне
Жіберме сора тартқан иірімге.
Саяқтай сыртқа теппей, сырын ұғып,
Аялап қосу керек үйіріне!
Жөн болар, сөз түйіндеп бітіргенім,
Әрдайым түзу ұшсын түтіндерің.
Қазақ тілі мәңгілік жасай берсін,
Қабырғаң сөгілмесін бүтін елім!
Көкшетау облыстық қазақ тілі қоғамы ашылғанда
айтылған өлең. «Оқжетпес» газеті, 1991 ж.
Айтатын шындықты ашып шақ келгендей,
Жеріме хақы бар ма ат бергендей?
Заураловка деген де ат қойыпты,
Көтеріп Орал таудан ап келгендей.
Донской, Невскийге совхоз бердік,
Ел қорғап, олар біздің жақта өлгендей!
Байлайтын есіміне елді мекен,
Қазаққа Киров қорған болды ма екен?
Чапаев Көксеңгірдің кегін қуып,
Гагарин осында кеп қонды ма екен?
Даланың ыстығына күйіп Щорс,
Буденный суығына тоңды ма екен?