6
Табиғат жаратса да көп ғажапты,
Ежелден ынтықтырған ат қазақты.
Жылқының жұлдызға да атын беріп,
Көкке ұшырған ақбоз ат, көк боз атты!
Қазағым қазанатпен еркелескен,
Ежелгі шығар ма екен ертегі естен.
Жүрісі су жорғаның жанға жайлы,
Кем бе еді «Джип» пенен «Мерседестен!»
Қыз қуып, көкпар тартса дала тынбай,
Қазақтың қанына от толатындай.
Доп қуса ат үстінде, шөген ойнап,
Жұлдыздар жерге таяп ағатындай.
Тұлпарлар құйғытқанда дүрс-дүрс етіп,
Жүрегі кең даланың соғатындай.
Мұндайда қиқу салып, селт етпеген
Жігіттер қазақ болмай қалатындай.
Жым болып жауыздық та жол береді,
Жүйріктің тізігініне оратылмай.
Шау тартып, шал болғанша шабандоздың
Тәні де, жаны да сау болатындай.
Жел қаққан жан сарайын азаматтың,
Қуатты қазанаттан алатындай.
Кентаврдай тұтасып тұлпар, жігіт,
Келешек ғасырларға баратындай!!!
Жеңе алмаған жылқыны,
Жиырмасыншы ғасырдың
Гүрілдеген темірі.
Қазанат пен қазағым
Бір-бірінің айнымас
Мәңгі-бақи серігі.
Бөлініп сірә, көрмеген,
Бір-бірінен сенімі.
Иен жатқан даланың
Еркелей басқан елігі.
Шоқтығына қол тисе,
Жігіттің ұстар желігі.