9
Олардан ертең қандай ат қалады,
Білмеймін және не деп ақталады?
Аяққа ана тілін таптап тұрып,
«Ананы сыйлаймыз» – деп мақтанады.
Қазбалап кетсем егер қата істі көп,
Ойлама мына бала шатасты деп.
Аталар ақсақалды тік тұрады,
Алдында келіндердің «аташкі» боп.
Аталар немереге «деда» болды,
Ағасы інісіне «дәдә» болды,
Әжелер, әулиедей, о, дариға,
Аузымен балалардың «баба» болды.
Шүлдірлеп, шұбар сөйлеп үлкен-кіші,
Қазағым өзгелерге таба болды!
Бауырлар, ойласаңдар, уайым қайда,
Әлдиді ауыстырдық «баю-байға».
Аяулы ана әлдиі ұмытылса,
Халқымның болашағы жойылмай ма?!
Ойласам, мұның бәрін күйеді ішім,
Бұл ұрпақ қайдан таппақ сүйенішін?
Орыстың «баю-байы» өзіне ыстық,
Әлдиім – қазағымның киелісі!
Әу бастан әлдилеңдер сәбиіңді,
Жалғайтын болашаққа ән күйіңді.
Қазақтың табиғатын танытатын,
Ұмытпа, айналайын, әлдиіңді!
Жастары жүргеннен соң жатқа елігіп,
Бір қазақ бір қазаққа жат көрініп,
Қорқамын ішімізден басқа ұлт шығып,
Қазағым кете ме деп қақ бөлініп?!