4
ұмытқан Масат оны емірене иіскеп, бетінен сүйді, құшақтаған күйі
өзгелерге беймәлім, өздеріне ғана түсінікті шағын әлемдерінде
ұзағырақ бөгеліп қалды. Артынша, қайда отырғаны есіне түсіп,
ұялыңқырап, Құндызды жерге түсірді.
Ағаш орындық үстіне нан үгіліп, сүт тамған, сөмкесін ақтарып,
қобыраған газет алды да, сүрте бастады. Тап-тұйнақтай жинақы
жүре алмай, төгіліп-шашылып келе жатқанына назаланып кеткен.
Айналасына көз тастап еді, залдағылардың бірі қалғып, біреулері
өзді-өзі әңгімелесіп отыр. Бірақ, бірен-сарандары «енді не істер
екен?» дегендей, бұған тамашалай қарап қалыпты. Кейбірі бейкүнә
әуестікпен үңілсе, қартаңдаулары жанашыр тілеулестікпен, тіпті
құрметпен көз тігеді. Әріректе отырған қыз бен жігіт кекесін күл-
кімен шаншиды. Масат қитығып, іштей ерегісе қалды. Әдейі
асықпай, бейнебір содан рақат тауып жатқан кейіппен қағазын қы-
тырлатып, орындықты мұқият сүртті. Тазалап болып, қоқыс жәші-
гіне тастап келгені сол еді, селтиіп тұрған Құндыз: «Пәп-пә, іш-ш,
іш-ш» деп қыңқылдады. Ел көзінен, әсіресе ана бір қыз бен жігіт-
тің тәкаппар қарасынан қысылыңқыраған Масат сәл бөгелген.
Құндыз жанын қояр емес, «Пәп-пә, іш-ш, іш-ш» деп, кішкентай
алақанымен бұның иығынан қаққылап, тықақтайды. Енді кідірсе,
одан да сорақысын көретінін сезген бұл: «Қазір, қазір іш бола-
мыз», – деп алдаусыратып, қолына алды, қайда тосарын білмей
дағдарған. Әрі бүкіл жұрттың көзінше... Неге де болса мойынсұ-
нып, бел буып аттанғанмен, дәл осынысынан қысылды. Дәретха-
наға баруға болмайды, далада қақаған аяз, залға тосу тағы ыңғай-
сыз. Ол түк білмегенсіп, баланы көтерген күйі, залды аралап, таса-
лау жер іздеді. Ақыры, екінші қабатқа көтерілетін басқыштың
сыртын қолайлы көрген.
Қайта оралғанында, жұрттың бұнымен ісі болған жоқ. Құндыз-
ды жерге қоя берді де әлгіндегі орнына жайғасты. Жан-жағына
қуыстана көз жүгірткенінде, бағанағы қыз бен жігіттің өзіне қарап,
әлдене деп күлісіп отырғанын көрді. Ол ұялыңқырап, көзін ауда-
рып әкетті.
Осы бір именшектікті Масат үйден шықпай тұрып-ақ сезінген
еді. Әйеліне қанша айтты: «Сопайып жападан жалғыз барғаным
кемпір-шалдан ұят-тағы. Жарайды, тіпті ол кісілерге айтып түсін-
дірерміз. Жолдағы елді қайтесің? Тамашаламай ма бәрі? Е, бейша-