8
оларды да кінәлауға болмас», – деп ойлады тағы. «Бала көрмеген
соң, баланың не екенін білмеген соң қайтсін. Олар үшін балалы
болу – жастықты жоғалту, еркіндіктің соңы. Ай, бірақ, шыны құса-
ған түрлері жаман. Мен де жаспын. Аяққа тұсау, қолбайлау бала
менің де зықымды шығарады. Бірақ, түптің түбінде, тіршілікпен
жеме-жемге келгенде айырысқан есебің, алған ұпайың, мағыналы
ғұмыр, адамдық атың мен ұрпағың балаң емес пе? Күнделікті күй-
беңнің ұсақ-түйек беймазалығын белінен басып, бәрінен жоғары
тұратын аталық махаббатты ұғар ма олар? Бәлкім, өздері де суық
өскен шығар? Еркелеп көрмеген еркелете де білмейді!»
Ол әлгі екеуі жайлы қалай ойласа да жүрегі жақтырмай, жире-
не берді. Аяп та кетті. «Менің Құндызым сендердей бола көрме-
сін», – деп тіледі ішінен.
Қызына қарай-қарай көзі тоймайды. Әлгінде ғана вокзалдың
абыр-сабыр асығыс қимылын да, жаңғырып тұратын беймаза, то-
лассыз шуын да тамашалап, өз қимыл, өз үнін соған санасыз үй-
лестіре томпаңдап жүгірген ерке неме қазір соның бәріне бойы
үйреніп, алаңсыз, бейбіт ұйқы құшағында монтиып жатыр. Өзгеше
бір әлем, айрықша сана иесі, дүниедегінің бәрін қалтқысыз таза
қабылдап, кібіртік, күдіксіз қуана соққан сәби жүрек. Бұның, Ма-
саттың тәні мен қанынан бөлініп шығып, айлы аспан аясында
адамзат арасынан тәуелсіз тіршілік иесіне тән орнын ойып алып,
өзіндік өмір өрнегін бастаған. Рас, бөпе болып бесікке бөленген-
нен бастап, тәй-тәй қадамына, алғашқы уіл, шалықтауынан қазіргі
пәк күлкісіне дейін Масат Құндызды өзінен бөлек жан деп ұғынып
көрмепті. Көрші әйелдің үйіне апара жатқаннан-ақ қыңқылдай
бастаған Құндыз бөгделердің ортасына жалғыз тастап, артына
жалтақ-жалтақ қарап, қимай кетіп бара жатқан бұның соңынан
еңірей жылап, ұмтылатын, кешке алып қайтуға келгенінде есік
аузында жылап тұрғанын көріп, қосыла жылаудан зорға тыйыла-
тын, өзіне үздіге талпынған балапанын құшағына алып, үйіне қа-
рай безуші еді. Бірі үлкен, бірі кішкентай екеуі үйде асыр салып,
сөзге симайтын ұлы махаббат күйін кешкенде Масатқа дүниенің
бәрі осы бір шат күлкінің аясына сиып кеткендей көрінетін.
Сол сәттердің бәрінде де көз көрмес, ақыл ұқпас ұлы тұтастық-
ты жүрегімен сезінетін. Ол өзін Құндызымен біртұтас әлем ретінде
сезінумен жүрді. Басқаша сырды осы жолы ғана аңғарды...